АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуге барып, Ресейдің инвестиция жөніндегі өкілі Кирилл Дмитриевпен кездесті. Кремль Уиткоффтың Владимир Путинмен кездесуі мүмкін екенін жоққа шығармай отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл сапар — Украинадағы соғысты тоқтату үшін Трамп әкімшілігі жасап жатқан дипломатиялық әрекеттердің бірі. Ақ үй бұған дейін Мәскеуге: «Жұмаға дейін бітімге келмесеңдер, жаңа санкциялар енгіземіз» деген талап қойған. Санкциялар Ресейдің мұнайын сатып алатын елдерге, соның ішінде Қытай мен Үндістанға кедендік баж салығын өсіруді қамтуы мүмкін.
Уиткоффтың кімдермен кездесетіні нақты айтылған жоқ. Бірақ АҚШ-тағы дереккөздер оның сәрсенбі күні Ресей басшылығымен кездесу жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал Кремль Уиткоффтың Путинмен кездесуі мүмкін екенін растағанмен, нақты күні мен форматын айтқан жоқ.
Кремльге жақын кей дереккөздер бұл келіссөзден үлкен нәтиже болмайды деп санайды. Олардың айтуынша, Путин өзін соғыста жеңіп жатыр деп есептейді және әскери мақсаттар АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсартудан маңыздырақ деп қарайды. Бірақ сонымен бірге, Трамппен арадағы байланысты да үзгісі келмейді.
Стив Уиткофф — жылжымайтын мүлік саласынан шыққан миллиардер. Ол Трамптың командасына биыл қаңтарда қосылғанға дейін сыртқы саясатпен айналыспаған. Бұған дейін де ол Путинмен кездесу өткізген. Алайда сыншылар оны жиі Кремльдің сөзін қайталайды деп айыптайды.
Наурыздағы сұхбаттарының бірінде Уиткофф: «Ресей Украина аумағын жаулап алғысы келмейді» деп мәлімдеген. Бұл пікірге Украина мен Еуропа елдері үзілді-кесілді қарсы. Ал Мәскеу өз кезегінде Батыстың мұндай айыптауларын «русофобия» деп бағалайды.
Сапардың нақты нәтижесі әзірге белгісіз. АҚШ жұмаға дейін Мәскеуден жауап күтуде.