2025 жылдың шілде айында Алматы қаласы мен жеті облыста жүргізілген арнайы операция кезінде Калашников автоматтарынан бастап граната мен тротилге дейін түрлі қару-жарақтар тәркіленді. Жедел іс-шараны Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура мен ІІМ-мен бірлесіп жүргізді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Операция нәтижесінде 45 атыс қаруы алынды. Олардың арасында 6 Калашников автоматы, 18 тапанша, 14 аңшылық мылтық, 7 шолақ мылтық бар. Бұдан бөлек, 6 граната, 2 тротил шашкасы және 400-ден астам оқ-дәрі анықталып, айналымнан шығарылды.
Ақмола облысында өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірінен 20 келі жарылғыш зат ұрлау арнасы жойылды. ҰҚК бұл дерек бойынша тергеу жалғасып жатқанын, ал процестік кодекс талаптарына байланысты қосымша ақпарат әзірге жария етілмейтінін мәлімдеді.
ҰҚК қару мен жарылғыш заттардың заңсыз айналымымен күрес жұмыстары жалғасатынын атап өтті.