Солтүстік Қазақстан облысында мектеп қызметкерлерінің атына жалған жалақы аударып келген аудандық білім бөлімінің бухгалтері 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2021 жылдан бері мемлекет қаржысын жүйелі түрде ұрлап келген деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Айыртау ауданының прокуратурасы жүргізген тексеріс кезінде бухгалтердің 2021 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың сәуіріне дейін білім беру ұйымдарының атынан 39,8 миллион теңге көлемінде жалақы түрінде ақша аударғаны анықталды. Бұл қаржы кейін өзі иелік еткен шоттарға заңсыз түсіп отырған.
Аталған дерек бойынша 2024 жылдың 11 маусымында Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша тергеу басталып, іс сотқа жеткен. Айыртау аудандық соты 2025 жылғы 28 наурызда бухгалтерді кінәлі деп танып, оны 7 жылға бас бостандығынан және мемлекеттік құрылымдарда материалдық жауапкершілік жүктелетін қызмет атқару құқығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.
Мемлекетке келтірілген шығын толығымен өтелді. Бұдан бөлек, прокурорлық қадағалау нәтижесінде білім бөлімінің басшысы да қызметінен босатылды.