Қызылорда облысында үстіне жүк көлігінің тіркемесі құлап қаза тапқан жұмысшының жұбайы жұмыс берушіден моральдық зиян өндіріп алды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
2023 жылы Қызылорда қаласының тұрғыны Б. мен «M» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында ақылы қызмет көрсету шарты жасалған.
Шарт бойынша серіктестік Б.-ға күнделікті жұмысы үшін 9000 теңге төлеп, міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы қорына және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізуге міндеттенген.
«2024 жылдың 11 наурызында жұмыс берушіге тиесілі «Камаз» жүк көлігінің тіркемесі Б.-ның үстіне құлап, соның салдарынан ол ауыр жарақаттар алып, жұмысын орындау барысында қайтыс болған», - делінген сот хабарламасында.
Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының жазатайым оқиғаны тексеру актісіне сәйкес, жұмыс берушінің кінәсін -100 пайыз деп анықтаған.
МАРҚҰМНЫҢ ӘЙЕЛІ СОТҚА ЖҮГІНДІ
Осыған байланысты, жұмысшының әйелі талап қоюшы А. Қызылорда қалалық сотына жүгініп, жұмыс берушіден моральдық зиян өндіруді сұраған.
«Сотта талап қоюшы марқұм күйеуі жұмыс берушінің кінәсінен қаза тапқанын, еңбек қауіпсіздігі сақталмағандықтан, осындай қайғылы жағдай орын алғанын, үш баласы барын, жұмыс істемейтінін, асыраушысынан айырылып, материалдық қиындықтар мен жан азабын тартқанын көрсетіп, жұмыс берушіден моральдық зиянды өндіруді сұрады», - делінген хабарламада.
Сот іс құжаттарын зерделеп, талап қоюшының талабы негізді деп танып, жұбайының қазаға ұшырауы талап қоюшының жан азабын тартуына алып келген деген тұжырымға келді.
СОТ ШЕШІМІ
Дегенмен сот моральдық зиянның мөлшерін анықтау кезінде жауапкердің талап қоюшының отбасына материалдық қолдау көрсеткенін ескерді.
Яғни, жұмыс беруші жаназа шығындарына және басқа да қажеттіліктер үшін 1 576 000 теңге материалдық көмек берген.
«Сот шешімімен талап қоюшы А.-ның талап қоюы қанағаттандырылып, серіктестіктен талап қоюшының пайдасына 3 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді», - делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енбеген.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.