Абай облысында жалған құжатпен 68 мың тоннадан астам құм қазып, саудалағандар анықталып, сотталды. Заңсыз әрекетті әшкерелеуге дрон мен «Сергек» камералары көмектесті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Семей қаласының прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде, бір топ адам жалған сертификат арқылы құм өндіріп, оны коммерциялық мақсатта сатып келгені белгілі болды. Жер қойнауын өз бетінше пайдаланғандардың әрекеті 272 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Мемлекет бұл соманы өндіріп алған.
Құқық қорғаушылар цифрлық құралдарды пайдаланып, заңсыз қазба жұмыстарының нақты орнын дронмен әуеден бақылап анықтаған. Ал «Сергек» жүйесі құм тиеген көліктің жолын – қазылған жерден бастап, сатып алушыға дейін толық бақылап отырған.
Сот шешімімен екі адам бас бостандығынан айырылып, қылмыс құралы болған екі тиегіш техника тәркіленді. Сондай-ақ, жалпы құны 144 миллион теңгеге бағаланған мүлікке тыйым салынды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.