homepage
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

2026 жылдан бастап әр тауардың бірыңғай «төлқұжаты» болуы міндетті болады

05.08.2025, 16:05

Елімізде сатылатын барлық тауарлар енді бірыңғай жүйеде тіркеліп, арнайы сандық «төлқұжат» алуы керек болады. Бұл – Ұлттық тауарлар каталогы (ҰТК) деп аталатын жаңа жүйе. Сауда және интеграция министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жүйені барлық кәсіпкерлерге міндетті етпек. Яғни дүкен болсын, маркетплейс болсын, базардағы сатушы болсын – бәрі осы бірыңғай каталогқа қосылуы тиіс деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазір тауарлар туралы ақпарат әр жерде әртүрлі беріліп жүр. Бір өндіруші тауарды бір атаумен сатады, ал дистрибьютор оны басқаша атайды. Сауда желілері тіпті өздерінің жеке базасын құрып алған. Осы шашыраңқылықтың кесірінен есеп-қисапта, салық төлеуде, тауарды тануда көп қателік кетеді. ҰТК осы мәселені шешу үшін жасалып отыр.

Жүйе әр тауарға NTIN деп аталатын бірегей код береді. Бұл код – сол өнімнің бүкіл дерегі жазылған жеке сандық картасы сияқты: атауы, құрамы, қай елде жасалғаны, салмағы, бренді, тіпті өлшем бірлігіне дейін көрсетіледі. Бұл деректер тексеріліп, бекітіліп отырады. Ең бастысы – бұл карточканы бәрі бірдей қолданады: өндірушілер де, сауда желілері де, тіпті кассалық аппараттар да. Осылайша бәрінің есебі бірізді, нақты болады.

Бизнес үшін бұл – артық шығын мен уақытты үнемдеу. Бұрын 1С немесе маркетплейске тауарды қолмен енгізіп жататын болса, енді дайын картаны алып қолдана береді. Бұл әсіресе өнім түрі көп, импорт-экспортпен айналысатын компанияларға тиімді. Ал мемлекет үшін бұл жүйе «сұр» сауданы бақылауға, салықты нақты жинауға және жалған тауармен күресуге мүмкіндік береді.

Ал тұтынушылар не ұтады?

Ең бастысы – ашықтық. Енді кез келген дүкендегі кассадан өнімнің нақты атауы, құрамы, шыққан жері туралы толық мәлімет алуға болады. Яғни не сатып алып жатқаныңды нақты білесің.

Қазір бұл жүйе сынақ ретінде іске қосылып жатыр. Anvar, Small, Magnum сияқты желілер мыңдаған тауарын енгізіп қойған. Ozon мен Halyk Market те жүйемен бірігуді бастап кеткен. Ал 2026 жылдан бастап бұл талап бәріне міндетті болады. Сондықтан кәсіпкерлерге бұл жүйемен ертерек танысып, жұмыс істеуді қазірден бастағаны дұрыс. Әйтпесе, соңғы сәтте асығыстық пен қателікке ұрынып қалуы мүмкін.