АҚШ президенті Дональд Трамп ядролық сүңгуір қайықтарын орналастыруға бұйрық бергеннен кейін Ресей орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарға қатысты мораторийден бас тартты. Мәскеу бұл әрекетті Вашингтонның арандатуына жауап деп бағалап отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz The Economic Times басылымына сілтеме жасап.
Ресейдің бұл шешімі жұртты «әлем қайтадан қырғи-қабақ соғысқа жақындап бара ма?» деген ойға қалдырды. Себебі енді Ресей бұрын өзі ұстанып келген INF келісіміндегі ережелерді сақтамайтынын мәлімдеді.
Мәскеу АҚШ пен НАТО-ны Еуропаға зымыран орналастырып, жағдайды ушықтырды деп айыптап отыр. Сондықтан енді Ресей де енді орта және қысқа қашықтықтағы жерүсті зымырандарын өзі қажет деп тапқан кез келген аймаққа орналастыра алатынын мәлімдеді.
АҚШ жағы да қарап қалған жоқ. Президент Трамп ядролық қару тасымалдай алатын сүңгуір қайықтарды стратегиялық позицияларға көшіруге бұйрық берді. Бұл әрекет Вашингтонның өз қарсыласына ашық ескерту жасауы ретінде қабылданды.
Ақ үй өкілдері Ресейдің INF келісімін өз еркімен бұзғанын негізге алып, АҚШ-тың «қорғаныс мақсатында әрекет етіп отырғанын» айтты.
Ресей тарапынан бұл шешімді тікелей Владимир Путин емес, Сыртқы істер министрлігі жариялады. Дегенмен мұндай стратегиялық мәлімдемелер Кремльдің жоғарғы деңгейде келісімінсіз қабылданбайды.
Ал АҚШ-та ядролық күштерді орналастыру шешімін президент Трамптың өзі қабылдаған. Ол 2025 жылғы қаңтарда қайтадан президенттікке кіріскеннен бері сыртқы саясаттағы қатаң бағытын қайта жандандырған болатын.
INF келісімінен алғаш болып 2019 жылы АҚШ шыққан еді, кейін Ресей де соған жауап берген. Алайда екі ел де бірнеше жыл бойы іс жүзінде бұл келісімнің рухын сақтауға тырысқан. Енді бұл шектеулер толық жойылып отыр.