homepage
Ұлттық олимпиадалық комитет

Қысқы Азия ойындарындағы жеңісі үшін 117 адамға 372 млн теңге сыйақы берілді

05.08.2025, 09:55

Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында табысты өнер көрсеткен 85 спортшы мен 32 жаттықтырушыға Үкімет 372,6 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы бөлді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Туризм және спорт министрлігінің мәліметіне сүйеніп.

Қазақстан құрамасы бұл жарыста 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады. Ел қоржынына алтын жүлдені биатлоншы Владислав Киреев, фристайл акробатикадағы жұп, шорт-тректегі эстафета командасы және хоккейден ерлер құрамасы салды.

Министрліктің хабарлауынша, соңғы алты жылда елде 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 58 жүзу бассейні салынған. Нәтижесінде спортпен жүйелі айналысатын халықтың үлесі 31,5%-дан 41,4%-ға артқан. Қазір 8,4 миллион адам спортпен тұрақты түрде айналысады.

Сонымен қатар бүгінде 250 мыңнан астам бала 7 мыңнан аса үйірмеде жаттығады. Спорт мектептерінің саны бес жылда 521-ге жетіп, балалармен қамту 406 мыңға дейін өскен.