homepage
Фото: Qaz365.kz

«Ұнамаса Ауғанстанға көш»: Рүстем Жүгінісовке өнердегі тұлғалар қарсы шықты

01.08.2025, 11:23

Жақында әлеуметтік желіде Ақтөбедегі мешіттердің бірінде түсірілген бейнежазба тарады. Онда белгісіз сақалды ер адам жергілікті Эммануэлла Наурызбаева есімді блогер қызға мешіт ішінде уақытша неке ұсынғаны, ерсі сөздер айтқаны жазылған. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлер туғызды.

Аталған бейнежазбадан кейін бұрынғы әнші Рүстем Жүгінісов бұл жағдайға байланысты өзінің пікірін білдірген еді. Алайда оның сөздері әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен дау тудырып, сынның астында қалды. Кейбір желі қолданушыларының ашуы тіпті оның інісі, белгілі әнші Мирас Жүгінісовке де тиіп кеткені байқалады. Сондай-ақ шоу-бизнес өкілдері де өз пікірлерін жарыса жазуда.

Апта басында Рүстем Жүгінісов Instagram парақшасында пікір білдіріп, мұндай келеңсіз жағдайларға қыз-келіншектердің өздері себепкер болуы мүмкін екенін айтты.

«Мына соңғы Ақтөбеде болған жағдайды көрдім. Мешітте бір қарындасымызға бір ер адам келіп, уақытша неке ұсынған екен, сақалды ер адам. Мен бір нәрсе айтайын: уақытша неке деген нәрсе шариғатымызда жоқ. Бұл кісінің жасаған амалы дұрыс емес, қарындастар.

Тағы бір айтқым келетіні: сіздер өздеріңіз де сондай нәрсеге, былайша айтқанда, «повод» бермеңіздер. Өздеріңіз шығып алып, мешітке барып жүрмеңіздер. Әйел адамның мешіті — ол үйі.  Сыртқа шығатын болсаңыздар, қасыңызда ағаңыз не ініңіз болсын. Осы қарындасымыздың анда-мұнда шығып жүргені дұрыс емес. Өз қылығыңызбен біреулер сізді басқаша ойлауы мүмкін. Мүмкін, «бай іздеп жүрген шығар» деген ойға келуі де ықтимал», - деді Рүстем Жүгінісов.

Әлеуметтік желідегі резонанс кезінде Рүстемнің інісі, танымал әнші Мирас Жүгінісов өз ұстанымын нақтылап, тіпті қоғамнан кешірім сұрады.

«Соңғы күндері ағамның айтқан пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырып, кейбір жандардың көңіліне тиіп жатыр. Ол өз ойын білдірген жеке тұлға. Мен — өз жолы, өз ұстанымы бар адаммын.

Мен отбасымның әр мүшесін құрметтеймін, бірақ олардың жеке көзқарастары менің ойыммен әрдайым сәйкес келе бермейді. Сол үшін де кейбір кезде мәселелер туындайды. Оларды осылай айтып отырамын деп ойламадым.

Не айтқым келгенін сіздер түсініп отырсыздар деп ойлаймын…Бұл жағдайдан көңілі қалған барша жаннан кешірім сұраймын», - деп жазды Мирас Жүгінісов Threads әлеуметтік желісінде.

Аталған жағдайға байланысты продюсер әрі актриса Баян Алагөзова да үн қатты. Ол Instagram парақшасында Рүстем Жүгінісовке қатаң сын айтып, тіпті елден кетуге кеңес берді.

«Қандай жабайылық?! Қандай да бір бұрынғы немесе қазіргі әртіс Жүгінісов деген азамат, бізге, әйелдерге, үйден жалғыз шықпау керек дегенді айтып отыр. Сіз бұл сөзді шынымен айттыңыз ба, әлде бұл қалжың ба? Егер қалжың болмаса, кешірім сұрауыңыз керек деп ойлаймын.

Біз Конституцияға сай өмір сүріп жатқан, шариғат емес, зайырлы мемлекетте тұратын азаматтармыз. Біз — білімді әйелдерміз. Сондықтан ешкімнің, әсіресе танымал ер азаматтардың, бізге қалай жүру керек, не кию керек екенін айтуға құқығы жоқ.

Егер сіз жеткілікті білімді болмасаңыз, мен сізге еске саламын: Қазақстан — зайырлы мемлекет. Әйелдер мен ерлердің санасын уламаңыз. Егер сізге біздің өміріміз ұнамаса, Ауғанстан, Иран, Ирак елдеріне көше аласыз. Біздің елімізде әйелдер еркін жүріп-тұруға құқылы», - деді Баян Алагөзова.

Әнші Мөлдір Әуелбекова да Threads әлеуметтік желісінде Рүстемнің пікіріне қатысты жазба қалдырды.

«Қыздарды кінәлай бермей, өз нәпсілеріңе ие болыңдар. Әрбіріңнің өсіріп отырған қыздарыі бар», - деп жазды әнші.

Айта кетейік, Ақтөбе мешітінде болған оқиға бойынша, 29 шілдеде өткен сот отырысында ер адамның бұрын бұзақылық үшін сотталғаны және 2025 жылдың қаңтарында мешітте тағы бір адамға тиіскені анықталды. Қазіргі уақытта ол 5 тәулікке қамалды. Алда сараптама тағайындалады: егер психикалық ауруы расталса — мәжбүрлі емге жіберіледі, ал жалған диагноз дәлелденсе — қылмыстық жаза қолданылады.

Соңғы шешімді сот қабылдайды.