Интернетте жалған ақпарат тарату мен арандатушылық жасағандар қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Тек биылдың алғашқы жартыжылдығында фейк тарату бойынша 47 қылмыстық іс қозғалып, 64 факті бойынша арандату әрекеттері анықталған. Бұл туралы ІІМ ескертті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мәселен, Түркістан облысында шетелдік инвесторларға жер берілді деген жалған ақпарат таратқан азамат сотталып, жауапқа тартылды. Абай облысында TikTok арқылы ұлттық белгілер бойынша балағат сөздер айтқан, Қызылордада діни алауыздық қоздырған азаматтар да сот үкімімен бас бостандығынан айырылды. Ауырлататын жағдайда бұл қылмыс үшін 20 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.
Фейк үшін әкімшілік жаза да қолданылады. Алты ай ішінде 38 адамға айыппұл салынып, кейбірі бірнеше тәулікке қамалды. Олардың арасында дамба қирады деген жалған видео жариялаған Атырау тұрғыны мен Петропавлда түрмедегі сотталғандар туралы жалған ақпарат таратқан белсенді бар.
ІІМ мәлімдеуінше, заң бұзатын кез келген хабарлама жауапкершілікке әкеледі. Ведомство азаматтарды тексерілмеген ақпаратпен бөліспеуге және арандатушылыққа жол бермеуге шақырды.