homepage
Азаттық радиосы

Алматы тұрғынына есірткі салынған сәлемдеме үшін 16 жыл жаза кесілді

31.07.2025, 15:51

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шілде айында есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізу ісі бойынша қала тұрғынын кінәлі деп танып, оны 16 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы Таиландтан келген пошталық сәлемдеме арқылы психобелсенді заттарды «Cheddar» ірімшігі түрінде жасырған. Ол есірткіні ел ішінде үшінші тұлғаларға таратуды көздеген. Құқық қорғау және кеден органдары сәлемдемені сату сатысына жетпей әшкерелеген.

Сот отырысы алқабилердің қатысуымен өтті. Мемлекеттік айыптаушы ауыр жаза тағайындауды ұсынды. Сот бұл уәжбен келісіп, жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.