homepage
Фото: juzmedia.kz

Рақымшылыққа іліккен танымал тұлғалар кімдер?

30.07.2025, 20:20

Биыл маусым айында Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сотталған азаматтарға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды.  Бұл тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде 11 мәрте жарияланған рақымшылық.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл рақымшылық 15 мыңнан астам адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Оның ішінде шамамен 4 мың адам қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан толық босатылады, ал 11 мыңға жуық сотталған азаматтың жаза мерзімі қысқартылады.

Рақымшылыққа іліккен барлық істер бойынша материалдар биылғы жылдың соңына дейін соттарға жолданатын болады.

РАҚЫМШЫЛЫҚҚА КІМДЕР ІЛІГЕДІ?

Гуманитарлық акт мынадай санаттағы адамдарға қолданылады:

  • Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған және онша ауыр емес қылмыс үшін сотталған тұлғалар;
  • Орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған, алайда зиян келтірмеген немесе келтірілген зиянды толық өтеген, не азаматтық талап болмаған азаматтар;
  • Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар (зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған баласы бар жалғызбасты аналар және т.б.), олар зиян келтірген-келтірмегеніне немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан рақымшылыққа ілігеді;
  • Мінез-құлқы оң бағаланған және жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыты қалған сотталғандар.

Алайда заң аясында бірқатар қылмыс түрлеріне рақымшылық қолданылмайды. Олар:

  • Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар;
  • Экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстар;
  • Кәмелетке толмағандардың жыныстық тұтастығына қарсы әрекеттер;
  • Азаптау қылмысы;
  • Қайталама (рецидивтік) қылмыс жасаған тұлғалар.

ҮНЕМДЕЛГЕН ҚАРЖЫ

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қазіргі уақытта 30 мыңнан астам адам жазасын өтеуде, олардың ішінде 2 мыңнан астамы – әйелдер, 50-ден астамы – кәмелетке толмағандар.

Бір сотталғанды ұстауға күніне 2 900 теңге жұмсалады. Демек, жылына бюджеттен 32 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Осы рақымшылық нәтижесінде үнемделген қаражат түзеу мекемелерінің инфрақұрылымын жаңартуға, жөндеу жұмыстарына және басқа да қажеттіліктерге бағытталмақ.

«Бостандыққа шыққан азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тарапынан жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып атқарылады және бостандыққа шыққан азаматтардың өмірінің барлық маңызды салаларын қамтиды. Қажет болған жағдайда оларға медициналық, заңдық, психологиялық және басқа да қолдау, сондай-ақ жұмысқа орналасуға көмектесу және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды бейімдеу орталығына орналастыру түріндегі көмек көрсетіледі», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері 10 мәрте рақымшылық жарияланған, олардың аясында көптеген азаматтар, соның ішінде қоғамға белгілі тұлғалар да бостандыққа шықты, кейбірінің жазасы жеңілдетілді.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев 2010 жылдың қыркүйегінде қамауға алынып, қызмет бабын асыра пайдалану, аса ірі көлемде пара алу және бюджет қаржысын жымқыру бойынша айыпталған болатын. Ол 7 жылға сотталды.

Алайда 2012 жылы рақымшылыққа ілігіп, жазасы 2 жылға дейін қысқартылып, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Бұрынғы Премьер-Министр Серік Ахметов 2015 жылы желтоқсанда бірнеше бап бойынша (мүлікті ысырап ету, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және кәсіпкерлікке кедергі келтіру) 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алайда 2016 жылдың наурызында экс-шенеунік рақымшылыққа ілініп, Қарағанды облыстық соты оның жазасын 8 жылға қысқартты. Ол жазасын Қарабас елді мекеніндегі АК-159/18 колониясында өтеді.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының құрылыс департаментінің бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсенов 2017 жылы рақымшылық аясында бостандыққа шықты. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және бөтен мүлікті аса ірі көлемде жымқыруға көмектесті деген айыппен сотталған болатын.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев пен ұлы Асет Матаев 2016 жылы аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды және салықтан жалтарды деген айыппен сотталған еді.

2017 жылы жарияланған рақымшылық заңына сәйкес, 60 жастан асқан ер адамдарға қатысты ауыр қылмыс бойынша өтеу мерзімінің орындалмаған бөлігі қысқартылып, Сейітқазы Матаев бостандыққа шықты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі болған Мүсілім Өмірияев 2014 жылы аса ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға сотталған болған. 2017 жылы рақымшылыққа ілігіп, түрмеден босатылды. Бұл оның жазасының небәрі үш жылдан сәл астам уақытын өтеген соң жүзеге асты.

Танымал театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов 2017 жылы сот үкімімен мемлекетке сеніп тапсырылған қаржыны ысырап етті деп танылып, 7 жыл шартты жазаға кесілді. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Сол жылы жарияланған рақымшылық аясында оның жаза мерзімі екі есеге қысқартылды.