homepage
Фото: pixabay.com

Қазақстандықтар көшеде тамақтануға бейімделіп келеді

30.07.2025, 12:25

Қазақстанда үйден тыс, көшеде тамақтану біртіндеп үйреншікті әдетке айналып бара жатыр. Былтыр ел бойынша 16 674 қоғамдық тамақтану орны тіркелген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға көп, деп хабарлайды Juzmedia.kz Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп.

Бюро мәліметінше, бұл салада Алматы мен Астана алда келеді. Алматыда – 2 427, Астанада – 2 252 мекеме жұмыс істейді. Бұл тек халық санына байланысты емес. Бұл қалаларда табысы жақсы, сыртта тамақтануға дайын адамдар көп. Олар үшін кафе немесе асханада тамақ ішу – жай ғана амал емес, күнделікті өмір салтына айналған.

Үшінші орында – Қарағанды облысы. Мұнда 1 333 нысан тіркелген. Қалада студенттер, шахтерлер, зауытта істейтін жұмысшылар көп. Бұл – уақыты тығыз, бірақ табысы бар орта таптың өкілдері. Олар үшін көшеден тамақтану – қолайлы әрі ыңғайлы шешім.

Ең көп өскен сегмент – кафелер. Бір жылда олардың саны 723-ке артқан. Бұл – 16 пайыздық өсім. Себебі кафе – жылдам, қолжетімді және қала өміріне сай формат.

2024 жылы қоғамдық тамақтану мен сусын сату қызметтерінен түскен табыс 1,5 триллион теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіштің өзі қазақстандықтардың көшеде тамақтану дағдысы уақытша сән емес, тұрақты әдетке айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.