homepage

"Мені қорлап отыр": Мақпал Жүнісова ұшақта домбыра алып жүрудің қиындығына ашуланды

Juzmedia. kz
06.11.2024, 19:28

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова Семей әуе жайында қатысты туындаған жағдайға реніш білдірді, деп хабарлайды  Juzmedia.kz.

ӘНШІНІҢ РЕНІШІ ҚАНДАЙ

Өнер иесі желідегі парақшасында бейнежазба жариялап, домбырасын ұшақпен тасымалдау үшін 59 мың теңгеге қосымша билет алуға мәжбүр болғанын айтты.

«Аты-жөні жоқ, домбыра деп жазылмаған. Айғайлап жүріп, 59 мың теңгеге домбырамызды әрең өткіздік. Fly Arystan компаниясы осымен үшінші рет мені қорлап отыр», - деді әнші.

ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ ҚАНДАЙ УӘЖ БІЛДІРДІ

FlyArystan әуе компаниясы осы жағдайға байланысты Telegram-каналында пікір білдіріп,  жолаушыларға музыкалық аспаптарды әуе көлігімен тасымалдау ережелерін еске салды

«Музыкалық аспапты ұшақ салонында: қол жүгімен (егер рұқсат етілген өлшемдерге сәйкес келсе) немесе алдын ала сатып алынған жеке орынға орналастыру арқылы тасымалдауға болады. Тегін тасымалдауға болатын ең жоғарғы салмақ – 5 кг. Максималды өлшемдері – 56x23x36 см. Ақылы түрде 10 кг дейін арттыруға болады, бірақ өлшемдері мен саны өзгеріссіз қалады, яғни, бір дана қолжүгінің өлшемі 56x23x36 см-ден аспауы тиіс. Кез келген қолжүгі, оның ішінде музыкалық аспапты қоса алғанда, барлық бөліктерімен (қаптамасы, қапшығы және т.б.) стандартизаторға сәйкес келуі тиіс», - делінген әуе компаниясының хабарламасында.

Сондай-ақ компания өкілдері жолаушыларға қамқорлық көрсету (әр жолаушының қолжүгін орналастыруға жеткілікті орын беру құқығы) және музыкалық аспаптың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, егер аспаптың өлшемдері қолжүгінің өлшемдерінен асып кетсе, оған жақын орынды сатып алу мүмкіндігі ұсынылатынын айтты.

ҚЫЗМЕТТІ ҚАЛАЙ РӘСІМДЕУГЕ БОЛАДЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ БАҒАСЫ ҚАНША?

Ұшақ салонында қосымша орын талап ететін музыкалық аспапқа билет рәсімдеу үшін қызмет құны қолжетімді тариф бойынша қосымша орын құнына сәйкес анықталады.

«Егер қызмет рәсімделмесе, музыкалық аспапты жолжүк бөліміне тапсыру қажет (әуекомпания аспаптың қауіпсіздігіне жауапкершілік алмайды) немесе әуежайдың сақтау камерасында қалдыру керек», - дейді компания өкілдері.

Лоукостерлердің қолжүктерге қатысты ережелері ұшақ бортында көп жолаушы болғандықтан, әр жолаушының қолжүгін орналастыру мүмкіндігі болуын қамтамасыз ету мақсатында белгіленген. Бұл ережелер әлем бойынша басқа лоукостерлерде де қолданылады.

ӘРТІСТЕРГЕ НЕГЕ ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ?

«Біз өнер өкілдерін құрметтейміз және халқымыз үшін киелі домбыраның құндылығын жоғары бағалаймыз. Дегенмен, әуе компаниясы үшін қауіпсіздік – басты құндылық. Оның негізгі кепілдігі барлық жолаушыларға бірдей қарау және бірыңғай ережелер мен стандарттарды қолдану болып табылады. Аталған ережелер әр рейсте (шамамен 200 адам) барлық жолаушылар үшін қауіпсіз және жайлы ұшу жағдайын қамтамасыз етеді», - деп мәлімдеді компания тарапы.

Сондай-ақ компания домбыра тасымалының ережелерін өзгерту бойынша бұл мәселені шешудің әртүрлі нұсқасын қарастырып жатқанын айтып ақталды.

«Домбыраны өзімен бірге алып жүру – домбыра ұстаған жолаушылардың негізгі талабы . Бұл лоукостер ұшағында қосымша орын сатып алғаннан кейін ғана мүмкін болады. Себептері мен ережелері жоғарыда толық баяндалған», - деді әуе компаниясы өкілдері.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.