homepage
Фото: Ұлттық ұлан

Ұлан сарбазы сотталған адамның қашып кетуіне жол бермеді

29.07.2025, 10:12

Қарағандыда Ұлттық ұлан жауынгері сотталған адамның қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен қашу әрекетінің алдын алды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

№29 түзеу мекемесін күзетіп тұрған 6505 әскери бөлімінің жауынгері Мірсәлім Рысқұлов сотталған адамның қашуға әрекеттеніп жатқанын байқап, дереу қарауыл бастығына хабар берген. Ол дабыл белгісін қосып, ескерту ретінде ауаға оқ атқан.

Сарбаздың жедел әрі нақты әрекеттерінің арқасында құқық бұзушы тоқтатылып, бірнеше минут ішінде бақылау взводы келіп, жағдайды толық тұрақтандырды.

Әскери бөлім басшылығы Рысқұловтың бұл ісін салқынқандылық пен кәсіби даярлықтың үлгісі ретінде бағалады. Қазіргі уақытта оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде.