homepage
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі радардан жоғалған тікұшақты әлі іздестіріп жатыр

29.07.2025, 09:13

Сорбұлақ су қоймасы маңында радардан жоғалып кеткен әскери тікұшақты іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 28 шілде күні таңғы 04:30-дан бастап су беті мен жағалауда белсенді іздеу шаралары қайта басталған деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Аймақты тиімді қамту үшін іздеу аумағы шартты секторларға бөлініп, түбін тексеру мақсатында 13 жүзу құралы мен арнайы техникалық жабдықтар жұмылдырылған. Сонымен қатар ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың көмегімен әуеден шолу жүргізілуде.

Құтқару жұмыстарына басқа өңірлерден қосымша күш тартылған. Қонаев пен Ақтаудан арнайы бөлімшелер, А-400 әскери-көлік ұшағымен жеткізілген жеке құрам мен техника, сүңгуірлік жабдықтар, эхолоттар мен қайықтар да іске қосылған. Операцияға барлығы бес әскери бөлімнің ресурстары тартылды. Жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүріп жатыр.

Іздеу барысында тікұшақ қалдықтарының ізі анықталған. Қазіргі таңда олардың нақты сәйкестігін айқындау жұмыстары жүргізілуде.

Қорғаныс министрлігі іздеу шараларын басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғастырып жатыр және қосымша ақпарат жаңа деректер түскен сайын хабарланатынын мәлімдеді.