Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен CLIP 2025 халықаралық опера байқауында топ жарған қазақстандық әнші Әйгерім Алтынбекті жеңісімен құттықтады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент құттықтау жеделхатында әншінің бұл жетістігін ел мәдениетін халықаралық деңгейде танытқан маңызды оқиға ретінде атап өткен.
«Еліміздің мәдениетін төрткүл әлемге танытып, халықаралық сарапшыларды мойындатқан бұл жетістігіңіздің мән-маңызы зор. Сіз мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, төл өнерімізді әлемнің төріне шығардыңыз. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра бересіз деп сенемін!» – делінген жеделхатта.
Айта кетейік, CLIP (Concorso Lirico Internazionale di Portofino) – әлемнің үздік жас опера әншілері қатысатын беделді халықаралық байқаулардың бірі. Байқаудағы жеңісі арқылы Әйгерім Алтынбек Қазақстан опера өнерінің жаңа буыны атынан ерекше танылды.