homepage

Қазақстанда әйелдердің жұмыс күні қысқара ма

Juzmedia. kz
06.11.2024, 18:18

«Қазақстанда әйелдердің бала тәрбиесіне қатысуын жеңілдету үшін олардың жұмыс күнін қысқартқан дұрыс болар еді». Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден премьер-министрге жолдаған сауалында осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ЛАУАЗЫМДЫ ҚЫЗМЕТТЕ ОТЫРҒАН ӘЙЕЛДЕР САНЫ ҚАНША

Қарақат Әбден соңғы жылдары аудан әкімі қызметіне тағайындалған әйелдер саны 8%-ға артқанын айтты. 

«2023 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,7% болса, басшылық қызметтегілердің үлесі небәрі 20,3%. Тәуелсіздік алғалы саяси лауазымда отырған әйелдердің үлесі 15%-дан асқан емес. IPU Parline рейтингіне сүйенсек, Қазақстан саясаттағы әйелдердің үлесі бойынша 183 елдің ішінде 124-орында. Бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан алдыңғы орында. Бұл елде былтыр парламент сайлауы өтіп, парламенттің заң шығарушы палатасында әйелдердің үлесі 38% болған. Ал Қазақстанда аймақтардағы мәслихаттағы әйелдердің үлесі – 21%. Бірақ аймақтарда көрсеткіш әртүрлі. Мысалы, Түркістан облысында 21% ғана. Ал квазимемлекеттік секторда негізгі лауазымдағы ерлер саны әлі де басым», – деді Қарақат Әбден.

Мәжілісмен облыстық әкімдіктерде басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі тек 10% екенін, барлық облысты ерлер басқаратынын алға тартты. Әйелдер орынбасар қызметіне тағайындалып, негізгі «жұмыс күшіне» айналған.

ҮКІМЕТ ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУЫ ҚАЖЕТ

Депутат Үкіметті әйелдердің көшбасшылығын дамытуға көмектесетін шаралар қабылдауға шақырды. Оның айтуынша, басшылық қызметке әйелдердің қатысуын арттыру мақсатында гендерлік теңдік мәселелері бойынша ұлттық бақылау және есеп жүйесін құру керек.

«Сөзсіз, әйелдерді басшылық лауазымға тағайындау тек олардың біліктілігіне сүйене отырып жүзеге асуы керек», - деп атап өтті Қ. Әбден.

Ол сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың барлық деңгейінде әйелдер көшбасшылығы ұлттық бағдарламасын енгізу қажет екенін айтты.

ӘЙЕЛДЕР ҮШІН ЕҢ ТИІМДІ ТӘЖІРИБЕЛЕР ҚАНДАЙ

Мәжілісмен сквандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізу мүмкіндігін қарастыру керек екеніне тоқталды. Бұл отбасы институтын дамытуға көмектесіп, жұмыс істейтін әйелдер бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөле алады.

«Тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашып, жұмыс орындарында балалар бөлмесін жабдықтау керек», - деді ол.

Сондай-ақ Қарақат Әбден ақылы декреттік демалыс мерзімін 2 жылға дейін ұзартуды, жұмыс орнында әйелді қорғау және кемсітумен күрес мақсатындағы құқықтық жұмыстарды күшейтуді ұсынды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.