Әлтайыр есімді баланың еміне деп жиналған 1,3 миллиард теңгенің басым бөлігі жеке мақсатқа жұмсалғаны туралы мәлімет қоғамда үлкен резонанс туғызды. Тергеу дерегінше, ата-анасы Дәулет пен Толқын Тотақановтар төрт жыл ішінде 350 мыңнан астам адамның қолдауымен жиналған қаражаттың небәрі 6 миллионын ғана емге жұмсап, қалғанын қымбат көлік, шетелдік сапарлар мен құмар ойындарға бағыттаған.
Бұл жағдай шетелде емделу процесінің ашықтығы мен қайырымдылыққа деген сенім мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. Осыған байланысты Түркияның жетекші емдеу орталықтарымен тікелей жұмыс істейтін BOTAKOZ TRAVEL AGENCY компаниясының басшысы Ботагөз Хашымқызы Juzmedia.kz-ке сұхбат беріп, жүйенің ішкі жұмыс механизмі, делдалдық қызметтің көлеңкелі тұстары және халықты алаяқтықтан қорғау жолдары туралы айтып берді.
АЛАЯҚТЫҚ, ДЕЛДАЛДЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ТҮРКИЯ МЕДИЦИНАСЫН ДА ЛАСТАП ЖАТЫР
– Ботагөз ханым, алдымен өзіңіздің компанияңыздың медициналық қызметі туралы айтып өтсеңіз?
– Алты жыл уақыттан бері Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында тұрып жатырмыз. Біз Түркияның ең үздік аккредитациясы бар емханаларымен тікелей жұмыс істейміз. Біз Қазақстаннан келетін азаматтарға осында ем алуға көмектесеміз. Компаниямыз ресми түрде тіркелген. Пациент пен клиника арасындағы келісімді заңды түрде рәсімдейміз, барлық есеп-шоттар ашық беріледі.
Түркиядағы клиникалар әр тиынды нақты көрсетеді. Пациент келген сәттен бастап, тексеріс, талдама, емдеу, жатын орны, дәрі-дәрмек – бәрі жеке-жеке бағада көрсетіліп, есеп-шот түрінде беріледі.
– Неге ата-аналар балаларын шетелде емделуге ынтық?
– Түркия медицинасын әлем мойындайды. Шынымен емделгісі келетін, шынайы көмекке зәру адамдар бар. Бірақ осы алаяқтық, делдалдық әрекеттер Түркия медицинасын да ластап жатыр.
Мен ешқашан өз атымнан жинаық (сбор) ашқан емеспін, каспийімді белгілеп, ақша сұрамадым. Бірақ кейбір отбасылар шынымен ақшасыз келеді. Бастапқы 5-6 миллион теңгесі ғана болады. Кейін емі тоқтап қалады. Соларға көмектесейін деп, Instagram-да анасының каспиін, парақшасын белгілеп, анда-санда қолдау көрсетемін. Бар болғаны – сол.
2 МЛН ОРНЫНА «20 МИЛЛИОН КЕРЕК» ДЕП ЖЫЛАП ВИДЕО ТҮСІРЕТІН АТА-АНАЛАР БАР
– Соңғы уақытта қайырымдылыққа күмәнмен қарау көбейді. Мұндай жағдай халықтың сеніміне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
– Бұл – өте өкінішті жағдай. Шынайы көмекке мұқтаж балалар көп. Олар үшін бір тиынның өзі маңызды. Ал осындай жағдайлар халықтың сенімін жоғалтып, нағыз мұқтаждарға деген көмекті тежейді. Себебі, алаяқтыққа барып, әсіресе балалар арқылы ақша жинау өте көп.
Біз кейде пациенттерді диагностикалауға шақырамыз, мысалы 2 миллион теңгелік ем. Бірақ ата-анасы Instagram-ға «бізге 20 миллион керек» деп салып жібереді. Жылап видео салып, жұрттың жанын ашытқызып, қайырымдылық жасатуға тырысады. Ал шын мәнінде диагностикаға төлейтін сомасы 3-5 миллион ғана. «Біз Түркияға келдік, 50 миллион теңге төледік» дейді. Бірақ ол жалған. Мұны өз көзіммен көріп жүрмін.
– Сіздің салада тәжірибеңіз мол ғой, осындай жағдайларға қатысты нақты мысал келтіре аласыз ба?
– Пациенттердің аты-жөнін этика бойынша айта алмаймын. Бірақ қажет болса, заңды түрде құжатпен дәлелдеп бере аламын.
Өкінішке қарай, балаларын сылтауратып ақша жинап, кейін дүкен ашып, үй алып алған адамдарды да білемін. Кейбірі баланы палатада қалдырып, өздері кешке ішімдік ішіп, көңіл көтеріп жүргендерді де көрдім. Видео түсіретін кезде жылап, рөлге кіріп, кейін «қалай шықты?» деп сұрап тұратын адамдар да болды. Осыны өз көзіммен көрдім.
ТОТАҚАНОВТАР ПАЦИЕНТТЕРДІҢ INSTAGRAM ПАРАҚШАСЫН ЖҮРГІЗІП, АЙ САЙЫН 200 МЫҢ ТЕҢГЕ АЛЫП ОТЫРҒАН
– Дәулет пен Толқын Тотақановтардың ұлы Әлтайыр үшін шетелде ем алған делінеді. Оларды жеке танитын ба едіңіз? Бұл оқиғаға қатысты пікіріңіз қандай?
– Мен ол кісіні өмірімде көрмегенмін, танымаймын. Бірақ соңғы бір-екі жылда аты шығып кетті. Көп адамнан естіп жүрмін. Пациенттеріміздің ішінде балалармен келгендері «Instagram-ды кім жүргізіп жатыр?» дегенде бәрі «Толқын» деп айтатын. Парақшалардағы таргетинг, жарнама жұмыстарын сол жүргізіпті. Ай сайын 200 мың теңге төлейді екен, Instagram-ды жүргізіп бергені үшін.
«Көп ақша алып жатыр бізден, Instagram дұрыс жүргізіп жатқан жоқ» деген сияқты шағымдар да болды. Бірақ мен бұл іске араласқан жоқпын, себебі ол менің пациентім емес.
ӘРБІР АШЫЛҒАН ЖИНАҚЫ – МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАДАҒАЛАНУЫ КЕРЕК
– Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ең бастысы – ортадағы делдалдарды заңмен жазалау керек. Олар біз секілді заңды тіркеліп, салық төлемейді. Қарапайым халықты алдап жатыр.
Екіншіден, әрбір ашылған жинақы – мемлекет тарапынан қадағалануы керек. Қайырымдылық қорлары да солай. Бізге Қазақстаннан қорлар жүгінеді. Бірақ мен ол іске араласпаймын, өйткені пациентті өздері тауып, өздері жариялайды, қанша ақша жиналды, пациентке қанша берілді – ол маған беймәлім. Бірақ қорлардың бәрі де адал жұмыс істемейді. Сол үшін бұл жүйені Үкімет қолға алуы керек деп ойлаймын.
– Уақыт бөліп, ой бөліскеніңізге рахмет!