homepage
Фото: juzmedia.kz

Бір түн - 400 мың: елдегі туристік аймақтар қонақ үйлерінің сапасы қандай?

26.07.2025, 17:31

Жазғы демалыс маусымы басталса болды, қазақстандықтардың дені Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері мен Таиланд сияқты шетелдік туристік бағыттарға бет бұрады. Бұл үрдіс әлеуметтік желідегі жарқын суреттерден де, турфирмалардағы сатылым көрсеткіштерінен де айқын аңғарылады. Ең қызығы мұндай шетелдік сапарлар кейде отандық демалыс орындарынан арзаныраққа түсіп жатады. Ал қызмет көрсету сапасы мен туристке деген көзқарас жағынан айырмашылық жер мен көктей.

Қазақстан - табиғаты көркем, тарихи-мәдени мұрасы бай, туризмге әлеуеті зор ел. Алайда, өкінішке қарай, еліміздегі көптеген демалыс аймақтарында баға мен сапа арасындағы тепе-теңдік сақталмаған. Сервис сапасының төмендігі мен инфрақұрылымның әлсіздігі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр. Бурабайдың қылқан жапырақты ормандары, Алакөл мен Балқаштың тұщы-тұзды сулары, Көлсайдың көгілдір айнадай көлдері – бәрі де таңғажайып. Бірақ мұндай табиғи байлықтар туристерге жасалған қолайлы жағдаймен үйлесе бермейді.

Juzmedia.kz авторы отандық демалыс орындары мен қонақ үйлердің жаз маусымындағы бағаларына шолу жасап шықты.

Балқаш

Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан Балқаш көлі — әлемдегі ең ірі көлдердің бірі, ерекшелігі — батыс бөлігі тұщы, ал шығыс бөлігі ащы суға ие. Жағалауы жазда демалушыларға толы болғанымен, мұндағы демалыс базаларының басым бөлігі заман талабына сай емес.

Бірен-саран жақсы демалыс базалары бар. Десе де дәл бұл аумақта олардың саны өте аз. Есесіне қонақ үй іспеттес жасалған шағын ғимараттар мен жер үйлер мұнда жетерлік.

Шілде айында екі адамға арналған бөлменің тәуліктік құны – 30-40 мың теңге. Бұл сомаға қарапайым жабдықтар ғана кіреді: төсек, шкаф, үстел, теледидар мен жуынатын бөлме. Алайда бұл бағаға тамақ кірмейді, ал сыртқы келбеті мен жайлылығы көңіл көншітпейді. Ғимараттар ескі, негізінен екі қабатты, бір біріне ұқсас стандартта салынған.

Алакөл

Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының шекарасында жатқан Алакөл көлі — минералды суы мен емдік қасиетімен әйгілі. Алайда жағалауда туризмнің қарқыны баяу.

Мұнда да бір бөлменің құны 30-40 мың теңге шамасында. Жайлылық деңгейі әртүрлі, кейбір базаларда үш мезгіл тамақпен бірге ұсынылуы мүмкін. Бірақ тазалық пен қызмет сапасы жиі сынға ұшырайды. Көпшілік күнделікті бөлме тазалығының жоқтығын атап өтеді. Аймақта ірі отельдер жоқ, демалыс тек шағын үйлер мен қарапайым демалыс базаларымен шектеледі.

Көлсай

Тянь-Шань жоталарында орналасқан Көлсай көлдері — табиғаттың кереметі. Таулы аймақтың саф ауасы мен айнадай таза суы туристерді өзіне баурап алады. Бұл өңірде экотуризмнің әлеуеті жоғары.

Көлсай маңында жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Екі адамға арналған стандарт бөлменің құны – 50 мың теңгеден басталады. Қазіргі заманғы барлық талапқа сай келетін шағын үйшіктерді бір тәулікке жалға алу 110 мың теңгеге дейін барады.

Сонымен қатар мұнда туристер үшін киіз үйлер де ұсынылады. Ал ең қымбат бес жұлдызды қонақ үйде стандарт бөлменің бір күндік құны – 287 000 теңге.

Алайда бұл бағаға лайық қызмет көрсетілмейтіні жайлы келушілер жиі шағымданады. Мысалы, Booking сайтына пікір қалдырған бір турист былай деп жазады:

«Келу уақытымызды алдын ала ескерткенімізбен, ешкім қарсы алмады. Бөлме лас, желдету жүйесі жұмыс істемейді, терезелер ашылмайды. Тапсырыс берілген тамақ кешігіп, суып келді, тіпті қасық та берілмеді. Wi-Fi нашар, теледидар мүлде істемейді...», - делінген пікірде.

Төмен баға іздегендер үшін ескі тұрғын үйлерден қонақүйге айналдырылған үйлер бар — бағасы 15 мың теңге шамасында.

Бурабай

Ақмола облысындағы Бурабай — еліміздегі ең танымал курорттық аймақ. Қарағайлы орман, көгілдір көлдер мен биік жартастар мұнда ерекше атмосфера қалыптастырады. Туристердің де, демалыс орындарының да саны көп.

Бурабайда кез келген бюджетке сай қонатын орын табуға болады. Ең арзаны – шағын үйлердегі көп адамдық бөлмелер. Адам басына 6000 теңге.

Орта деңгейдегі қонақ үйлердің бағасы – 20-40 мың теңге аралығында.
Бірақ сән-салтанат іздегендер мұнда шетелден де қымбат бағаға тап болуы мүмкін. Мәселен, ең қымбат қонақ үйдің бір тәулігі (таңғы аспен) – 254 мың теңге. Люкс бөлмелер – 402 мың теңгеге дейін жетеді.

Ал вилла жалдау құны – 300 мың теңге. Мұндай үйлерде толық жабдықталған ас үй, сауна, жабық бассейн, жеке жағажай, велосипедтер мен бильярд үстеліне дейін қарастырылған.

Бірақ бұл деңгейдегі демалысты көбіне шетелден іздейтін қазақстандықтар үшін мұндай баға таңғалдырарлық.

Қазақстанның табиғаты ғажап, туризмге қажетті барлық алғышарт бар. Алайда қонақ үй, инфрақұрылым, қызмет көрсету жағынан шешілмеген түйткіл көп. Бір қарағанда, шетелде демалу арзанырақ әрі сапалырақ болып тұр. Туризм тек табиғатпен өлшенбейді, ол — жайлылық пен сервистің, қолжетімді бағаның үйлесімі.

Отандық демалыс орындарының дамуы үшін ең алдымен, баға мен сапа арасындағы тепе-теңдікті табу маңызды. Әйтпесе, көгілдір көл мен қарағайлы орманнан гөрі, Түркия жағалауы мен Мысырдың "all inclusive" жүйесі тартымды бола бермек.