Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Mooni Gold» компаниясының қаржы пирамидасын ұйымдастырғанын анықтады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер зергерлік бұйымдар сататын компания ретінде тіркеліп, азаматтарға 5 ай бойы салым сомасының 20–30 пайызын ай сайын табыс ретінде беруге уәде еткен. Шын мәнінде төлемдер нақты саудадан емес, кейін келген салымшылардың ақшасы есебінен жүргізілген.
Пирамиданың мыңнан астам қатысушысы болған, залал көлемі 500 миллион теңгеден асты. Салымшылардың арасында пәтерін кепілге қойып, 67 миллион теңге берген зейнеткер де бар. Күдіктілер бұл қаржыға құны 280 миллион теңгеге бағаланған элиталық үй мен автокөлік сатып алған. Бұл мүлікке сот тыйым салды.
Тінту кезінде 15 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 28 миллион теңгеден асатын 67 алтын бұйым тәркіленді. Күдіктілер өзге салымшылардың банк шоттарын қолданып, қаржыны «дроппер» схемасы арқылы заңдастырған.
Олар екі айға қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.