Сауда және интеграция министрлігі Сауда қызметкерлері күніне орай салаға қатысты негізгі көрсеткіштерді жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам сауда саласында жұмыс істейді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрліктің дерегінше, бұл сала елдің жалпы ішкі өнімінің 19 пайызын құрап отыр. Қазір республика бойынша 748 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі, 626 базар және 142 мыңнан астам бөлшек сауда нысаны тіркелген.
2025 жылдың алғашқы жартысында сауда саласы 8,4 пайыздық өсім көрсеткен. Жалпы сауда көлемі 31,4 трлн теңгеге жеткен: оның ішінде көтерме сауда – 21,2 трлн, бөлшек сауда – 10,1 трлн теңгені құрайды. Барлық өңірде оң динамика байқалып, сала тұрақты дамып келе жатқаны атап өтілді.