Павлодарда полиция түнгі заңсыз автожарысқа қатысқан жастарды ұстады деп хабарлайды Juzmedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оңтүстік полиция бөлімінің мәліметінше, рейдтік шаралар қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүргізілген. Жергілікті тұрғындар түнгі уақытта, әсіресе әуежай маңында жастардың жоғары жылдамдықпен жарысатыны туралы бірнеше рет шағым түсірген. Бұл деректер “102” желісіне де тіркелген.
Полиция дереу оқиға орнына барып, заңсыз жарысты тоқтатты. Қатысушыларға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, тиісті шаралар қабылданды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін бұзбауға, заңсыз жарыстардан бас тартуға және адам өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.