homepage
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Интернеттен 10 мыңнан аса экстремистік мазмұндағы материал анықталды

23.07.2025, 16:20

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда интернет кеңістігін бақылау барысында 10 852 экстремистік мазмұндағы материал анықталды. Оның 3 126-сы өшірілген. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.

Министрліктің мәліметінше, анықталған материалдардың 2 мыңнан астамына дінтану сараптамасы жүргізіліп, олардың 70%-ы бойынша оң қорытынды берілген. 20%-ында діни сипат болмаған, қалғанына қатысты сараптама жалғасып жатыр.

Жарты жыл ішінде діни экстремизмнің алдын алу мақсатында ел көлемінде 40 мыңнан астам түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, 1,5 миллионнан астам адам қамтылған. Сонымен қатар БАҚ-та 2 482 материал жарияланып, әлеуметтік желілерде 60 мыңнан астам жазба орналастырылған.

Ведомство мәліметінше, жұмыс тек ақпараттық бағытта емес, заңнамалық тұрғыда да жүргізілуде. Биылдан бастап діни қызмет саласындағы ескерту институты енгізіліп, айыппұл мөлшері 50%-ға азайтылған. Діни әдебиетті тарату тәртібі де жеңілдетілді.

Бұған қоса, сенім бостандығы мен діни ахуалды бағалайтын ұлттық индикаторлар бекітіліп, конфессияаралық қатынастар мен интернеттегі діни белсенділік тұрақты бақылауға алынған.