homepage
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстанда спорт мамандарын даярлаудың жаңа жүйесі енгізілді

23.07.2025, 15:59

Елімізде спорт саласы үшін кадр даярлау жүйесі жаңартылып, алғаш рет жаттықтырушы, оңалту, инклюзивті және цифрлық спорт бағыттары бойынша арнайы білім беру бағдарламалары іске қосылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұған дейін мамандар тек мектептегі дене шынықтыру пәні аясында дайындалса, енді жаңа модель аясында келесі бағыттар бойынша оқыту жүргізіледі: жаттықтырушылық қызмет, спорттық оңалту, инклюзивті дене шынықтыру, киберспорт, тоғызқұмалақ пен шахмат жаттықтырушылығы және қазақ күресі. Барлық бағдарламада тәжірибеге басымдық беріліп, студенттер спорт клубтары мен оңалту орталықтарында тағылымдамадан өтеді.

Сонымен бірге Қазақстанда алғаш рет спорт саласы мамандарына арналған халықаралық басқару бағдарламасы — Executive MBA Sport Management іске қосылды. Ол Францияның EKLORE-ed School of Management университетімен бірлесіп әзірленіп, қос диплом алуға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл қадам спорт мамандарын даярлауға ғылыми әрі заманауи негіз енгізуді көздейді. Жаңа жүйе спорт саласындағы кәсіби сапаны арттыруға бағытталған.