Мәжіліс Парламент депутаттары бастамашы болған әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің бірыңғай жүйесін құруға және осы жұмысқа барлық мемлекеттік органды, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді тартуға бағытталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлағандай, осы мақсатта республикалық деңгейде Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жанынан әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құру ұсынылады.
АЗАМАТТАР КҮНДЕЛІКТІ ЖҰМЫСЫНАН ҚОЛ ҮЗБЕЙ-АҚ АҚЫЛЫ НЕГІЗДЕ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚТАН ӨТЕ АЛАДЫ
Түзетулер аясында әскери дайындықтан өту кезеңінде әскери қызметке міндеттілерге республикадағы мәннен жоғары емес орташа жалақы төлеу ұсынылады. Ал жұмыссыздарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы төленеді.
«Сонымен қатар әскери білімді жетілдірудің баламалы нұсқасы – әскери міндеттілер үшін ақылы негізде курстық оқыту енгізіледі. Азаматтарға әскери жиындарға шақыртусыз және күнделікті жұмыстарынан қол үзбей-ақ, тұрғылықты жерінде әскери оқу орындарында, білім беру ұйымдары жанындағы әскери кафедраларда (факультеттерде), сондай-ақ әскери-техникалық мектептерде ақылы негізде әскери дайындықтан өту мүмкіндігі беріледі. Оқу жұмыстан тыс уақытта және өндірістен қол үзбей жүргізіледі», - делінген хабарламада.
БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚТАН ТЕК ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРГЕН АДАМДАР ҒАНА САБАҚ БЕРЕДІ
Әскери кафедраларға штаттан тыс әскери лауазым енгізіледі. Осылайша, білім беру ұйымдарына берілген қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау мен пайдалануды бір мезгілде бақылайтын әскери оқытушылардың мәртебесі айқындалады. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдеріне әскери борышын өтеу талабы енгізілді, бұл мектептер мен колледждерде осы пәнді оқытудың сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Сондай-ақ түзетулер әскерлерді жүргізушілермен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. 18 жасқа толған әскери қызметшілерге 21 жасқа толғанға дейін «D», «СЕ» санатындағы көлік құралдарын жүргізуді үйрету жоспарланып отыр. Олар тек Қарулы Күштерге тиесілі көліктерді жүргізе алады. Қарулы Күштер қатарындағы ауыр жүк көліктерін жүргізушілердің саны артады, бұл өз кезегінде бөлімшелердің жауынгерлік әзірлік деңгейін жақсартады. Сондай-ақ қызмет өткеру кезеңінде «автобус жүргізушісі» мамандығы бойынша білім алған әскери қызметшілер автобусты басқару құқығын қосымша оқусыз өте алады», - делінген заң жобасында.
1414 ҚЫЗМЕТІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРУ ҮШІН РЕСМИ ТҮРДЕ ПАЙДАЛАНЫЛАДЫ
Заң жобасында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жөнінде хабардар етудің электронды әдісі белгіленеді. Қорғаныс министрлігі осы мақсатта SMS хабарламаларды «электронды үкімет» веб-порталы – 1414 қызметі және пайдаланушының «жеке кабинеті» арқылы жібере алады.
Енді қазақстандықтар оқуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігін әрбір білім деңгейі бойынша бір реттен артық пайдалана алмайды. Яғни, бакалавриатты аяқтаған соң басқа мамандық бойынша қайталап бакалавриат оқу кезінде кейінге қалдыру мүмкіндігін ала алмайды. Некеде тұрған азаматтар, егер жұбайы жүкті болса, отбасылық себептері бойынша мерзімді әскери қызметке шақыруды он екі және одан да көп аптаға кейінге қалдыруына болады.
КАДЕТТЕРДІҢ ОҚУ БІТІРГЕННЕН КЕЙІНГІ КЕЛІСІМШАРТ МЕРЗІМІ БЕС ЖЫЛҒА ДЕЙІН ҚЫСҚАРАДЫ
Түзетулер әскери атақтар берудегі диспропорция мен белгілі бір әділетсіздіктерді жоюға да бағытталған. Осыған байланысты шетелдік әскери жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырған немесе әскери колледжді бітіргеннен кейін оқуға түскен әскери қызметшілер «лейтенант» әскери атағында қызмет өткеру мерзімін бір жылға дейін, ал «аға лейтенант» әскери атағында екі жылға дейін қысқарту ұсынылады. Әскери колледж түлектеріне «кіші сержант» шенінің орнына «сержант» атағы беріледі.
Бұдан бөлек кадеттер әскери колледжді бітіргеннен кейін 5 жылға ғана келісімшартқа отырады. Қолданыстағы заңнамада әскери оқу орнын бітіргеннен кейін әскери қызмет өткеру мерзімі оқу ұзақтығының айырмашылығына қарамастан, әскери институт курсанттары сияқты 10 жылды құрайды.
ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРҒАН АЗАМАТТАР ҮШІН БІЛІМ БЕРУ ГРАНТЫН ӨТЕУ МІНДЕТІ ЖОЙЫЛАДЫ
Заң жобасында мерзімді әскери қызметін өтеген, сондай-ақ әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан азаматтар үшін мемлекеттік білім беру грантын өтеу міндетін алып тастау ұсынылған.
Сондай-ақ әскери қызметке, міндетті әскери қызметке немесе әскери дайындыққа шақырылған азаматтар медициналық комиссиядан өткен кезеңде олардың жұмыс орны, лауазымы және жергілікті әскери басқару органдарына шақыру қағазы болған жағдайда жалақысын сақтау ұсынылады. Оқуын жалғастыру үшін кейінге қалдыруға құқығы бар, бірақ өз еркімен әскери қызметке шақырылған азаматтардың да оқу орны сақталады.
«Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтеген азаматтар жұмыстан шығарылған күннен бастап екі жыл ішінде ҰБТ және емтихан нәтижелерін есепке алмай, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ақылы негізде оқуға түсу құқығына ие болады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында квота шегінде конкурстан тыс негізде оқи алады», - делінген хабарламада.
Ал оқуын жалғастыру үшін кейінге қалдырудан бас тартқан және әскери қызметке шақырылған азаматтарға оқуын экстернат түрінде, оның ішінде білім беру грантын жоғалтпай жалғастыру мүмкіндігіне кепілдік беріледі.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.