Threads желісінде қазақтарды «мәмбет» деп жазған қарағандылық кәсіпкер Алика Мұхамадиева ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікке ілініп, қамауға алынды. Тергеу органдары оның елден кетуге әрекеттенгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде Threads платформасында жарияланған жазбадан ұлтаралық араздық белгілері анықталған. Осы фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, Мұхамадиева уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Тергеу барысында 22 жастағы күдіктінің Қазақстаннан тыс аумаққа шығуға талпынғаны белгілі болған. Осыған байланысты тергеу органдары оны қамауға алу туралы өтініш беріп, 22 шілдеде Қарағанды қаласының тергеу соты екі айға қамау санкциясын шығарған.
Қазір аталған іс бойынша сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.