homepage
Фото: Мalim.kz

Пациенті соққыға жыққан қостанайлық дәрігер Астанаға жеткізілді

18.07.2025, 19:00

Қостанай облыстық ауруханасында дәрігерге шабуыл жасаған пациенттің әрекетінен кейін зардап шеккен хирург ауыр хәлде Астанаға жеткізілді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, урология бөлімшесінің хирургі Антон Кистанов күрделі операциядан кейін қабылдау бөлмесіне оралған сәтте науқастардың бірі шабуыл жасап, дәрігер есінен танып қалған. Диагнозы: мидың ауыр соғылуы, қан құйылу, бас сүйегінің жабық сынуы. Дәрігер шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына саниавиациямен жеткізілді.

Министр Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдарға байланысты күзет шаралары күшейтіледі. Қыркүйекте Парламентке бұл қылмыстар үшін жауапкершілікті арттыру жөнінде заң жобасы енгізілмек.

Сонымен қатар қабылдау бөлімшелеріне тәулік бойы полиция посттарын орналастыру, ауруханаларды бейнебақылау, дабыл түймесі мен бейнежетонмен жабдықтау жоспарланып отыр.