Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын-драматург Исраил Сапарбай 84 жасында өмірден озды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады Juzmedia.
Марқұм Қаскелеңдегі үйінде, жұмаға қараған түні, ұзаққа созылған сырқаттан кейін қайтыс болған. Ақынның көз жұмғаны туралы ақпаратты оның ұлы Нұрлан Исраилұлы жеткізген.
Исраил Сапарбай — «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, қазақ поэзиясындағы көрнекті есімдердің бірі. Ол поэзия, драматургия және сазгерлік саласында еңбек етті. Ақынның өлеңдері мен әндері көпшілікке кеңінен танымал. Оның пьесалары еліміздің театрларында сахналанды.