Қазақстанда алты айда есірткіге қатысты 4000-ға жуық құқықбұзушылық анықталған. Оның 1800-і ауыр және аса ауыр санатқа жатады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ІІМ-нің ресми дерегінше, Ұйымдасқан қылмыстық топ құру мен басқару бойынша 21 іс қозғалып, олардың ішінде екеуі халықаралық сипатта болған. Жалпы 11 жетекші мен 43 қатысушы ұсталды.
Заңсыз айналымнан 6 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде синтетикалық есірткінің көлемі 570 келіге жетіп, екі есеге артқан. 103 зертхананың жұмысы тоқтатылып, егу бойынша 218, ал контрабандаға байланысты 63 дерек тіркелді.
Сондай-ақ жастар арасында таралатын есірткі сайттары үш есе көп бұғатталған — олардың саны 17 мыңнан асады. Күмәнді қаржылық операцияларға қатысы бар 24 мың банк шоты бұғатталып, 2,4 млрд теңге тоқтатылды.