homepage
Фото: Aqorda

Тоқаев шетелдіктерді тіркеу тәртібі туралы Заңға қол қойды

17.07.2025, 16:41

Мемлекет басшысы астана мен ірі қалаларды дамыту, шетелдіктерді тіркеу, энергетика және кеден салаларын реттеу бойынша түзетулерді қамтитын заңға қол қойды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Құжаттың бірінші блогы — елорда мен республикалық маңызы бар қалаларға қатысты. Онда қалаларды дамыту тетіктері мен басқару жүйесіне өзгерістер енгізілген. Екінші блок жер заңнамасындағы жекелеген мәселелерді нақтылайды.

Үшінші блок — заңдағы ең маңызды өзгерістердің бірі. Ол шетел азаматтарын тіркеу институтын енгізуге бағытталған. Бұдан былай елде жүрген шетелдіктерді тіркеу тәртібі заңмен реттеледі. Төртінші блок кеден ережелеріне қатысты түзетулерді қамтиды.

Бесінші блок мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін орталықсыздандыру мен артық заңнамалық реттеуді болдырмауға бағытталған. Ал алтыншы блок энергия мен коммуналдық инфрақұрылымдағы кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге негізделген. Бұл бағыттағы шаралар ұлттық жоба аясында жүзеге асады.

Сондай-ақ заңда мемлекеттік аудит жүйесін және бағалау қызметіне қатысты нормаларды жетілдіру көзделген. Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.