Солтүстік Қазақстан облысында кадастрлық құны 29,8 миллиард теңге болатын пайдаланылмаған жер телімдері мемлекет меншігіне өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
2025 жылдың басынан бері облыстық прокуратура жалпы көлемі 146 мың гектардан асатын 75 жер учаскесінің ұзақ уақыт бойы мақсатты пайдаланылмағанын анықтаған. Атап айтқанда, Ақжар, Есіл, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев және Уәлиханов аудандарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45 жер телімі игерілмеген. Ал Петропавл қаласында кәсіпкерлік субъектісі үш жыл бойы 123 гектар жерді бос ұстап келген.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде 33,2 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бұл телімдердің кадастрлық құны – 29,8 миллиард теңге. Қайтарылған жерлер адал ниетті пайдаланушыларға беріледі.
Прокуратура бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.