Өскемен әуежайының бұрынғы басшылары бес жыл бойы жалған сыйақы мен жалақы рәсімдеп, мемлекет қаржысын иемденген. Тергеу қорытындысы бойынша 157 миллион теңге шығын келген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Агенттік бұл істі Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп зерттеді. Әуежайдың экс-президенті мен басқа да лауазымды тұлғалар еңбекақыны негізсіз көтеріп, жалған келісімшарттар арқылы ақша алып келген.
Бұдан бөлек, касса арқылы қолма-қол берілген қаржыдан өзге, мекемеге тиесілі көліктер нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға сатылып, коммерциялық нысандар жеңілдетілген шартпен жалға берілгені анықталды.
Күдіктілердің жалпы құны 126 миллион теңгеге бағаланған төрт пәтері, жер телімі мен екі көлігіне сот тыйым салды. Қазір олар қамауда, іс сот қарауына берілді.