homepage
Фото: UWW

Қазақстандық жас балуандар Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте топ жарды

14.07.2025, 16:41

Бішкекте өткен грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы бірнеше жас санатында жүлделі орындар алып, құрлық додасын сәтті аяқтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әсіресе 15 жасқа дейінгі грек-рим күресінен сынға түскен балуандар ерекше көзге түсіп, он спортшының тоғызы жүлде алып, Қазақстан құрамасын жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шығарды. Бұл санатта отандық балуандар 207 ұпаймен көш бастаса, екінші орын Тәжікстанға (158 ұпай), үшінші орын Өзбекстанға (154 ұпай) бұйырды.

Сондай-ақ еркін және әйелдер күресінен U15 санатындағы балуандар бірнеше жүлде алып, үздік бестіктің қатарынан көрінді. Еркін күрестен – төрт, әйелдер күресінен – үш спортшы жүлдегер атанды.

U20 санатындағы жастар арасында еркін күрестен қазақстандықтар үздік үштікке енсе, грек-рим күресінен төртінші орынға табан тіреді. Бұл көрсеткішке қарамастан, қазақстандық балуандар бірнеше алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды. Әйелдер күресінде де жастар құрамасы екі қола медаль еншіледі.