homepage
Фото: tengrinews.kz

Бауыржан Байбектің есімі тағы бір сотта аталды

14.07.2025, 15:41

Бүгін жабық өтіп жатқан сотта 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат бұрынғы Алматы әкімі және Amanat партиясы төрағасының экс-орынбасары Бауыржан Байбектің атын атады, деп хабарлайды Juzmedia.kz tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Айыптау актісін оқыған прокурор Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваны аса ірі көлемдегі сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және алаяқтық жасады деп айыптап отыр. Екі сотталушы да айыппен келіспейтінін айтып, Перизат Қайрат сот тергеуін өзі басқарған қайырымдылық қорының құрылтайшыларынан бастау қажет екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қор партия жанынан құрылып, Байбек Бауыржан Қыдырғалиұлының басшылығымен жұмыс істеген. Құрылтайшылардың бәрі – қазіргі не бұрынғы партия қызметкерлері. Ал мемлекеттік айыптаудың дерегінше, 2021 жылы Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 атты қоғамдық бірлестік құру үшін жалған хаттама әзірлеп, басқа қатысушылардың қолын өзі қойып, Әділет департаментіне жалған құжат тапсырған. Экспертиза қолдардың шын мәнінде Қайратқа тиесілі екенін растаған.

Бұған дейін дәл осы іс аясында Бауыржан Байбектің әкесінің есімі ұйымдасқан топтың өкілі Елдос Қоспаевқа қатысты істе аталған. Сонымен қатар Байбекке қатысты тергеу бар-жоғын сұраған журналистерге Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі жауап берген.