Жаңа оқу жылында елордалық 10 мектепте ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері іске қосылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz Астана қаласының Білім басқармасына сілтеме жасап.
Бұл бастама «Самұрық-Қазына» қоры мен Астана қалалық Білім басқармасының бірлескен жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Қаржыландыру «Charity Samruk Marathon 2025» қайырымдылық марафонында жиналған қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.
Кабинеттер №23, 29, 48, 54, 60, 71, 83, 91, 96 және 98 мектептерде ашылады. Қазіргі уақытта жөндеу және жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл сыныптарда дефектолог, логопед, психологтар жұмыс істейді. Сонымен қатар open space форматында ұйымдастырылып, қыш шеберханасы сияқты дамыту аймақтары да қарастырылған.
Жоба нәтижесінде 535 оқушы инклюзивті біліммен қамтылмақ. Осыған дейін де қалада 11 мектепте осындай кабинеттер жұмыс істеп келген, олардың бесеуі былтырғы марафон аясында ашылған болатын. Жаңа бастама іске асса, Астанадағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың 40 пайызы инклюзиямен қамтылады.