Сауда орындары сөрелерінің бір бөлігін отандық тауарларға арнауға міндетті. Бұл талап ішкі сауда ережелерімен бекітілген, деп хабарлайды Juzmedia.
Сауда және интеграция министрлігі өткізген кеңесте комитет өкілдері дүкендердегі сөрелерде қазақстандық өнімдердің қолжетімділігі заңмен реттелетінін ескертті. Ішкі сауда ережесіне сәйкес, азық-түлік тауарларының кемінде 30 пайызы, ал азық-түлік емес өнімдердің кемінде 20 пайызы отандық өнім болуы тиіс. Ал мемлекеттік қолдау алған сауда желілерінде бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін ұлғаяды.
Комитет сөрелерге қолжетімділіктің шектелуі бәсекелестікке кедергі келтіретінін атап өтті. Кейбір сауда орындары шағын отандық өндірушілерге қосымша шарттар қойып немесе мүлде сөреге шығармай жатады. Бұл — заң бұзушылық.
«Сөре – таңдау орны. Егер отандық өнім төменге тығылып, көзге түспей тұрса немесе мүлде болмаса – бұл жай ғана маркетинг емес, бұл заң талаптарын бұзу. Мұндай жағдайлар ерекше бақылауда болады», – деді Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.