homepage
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматылық Алмагүл Батталиева «Славян базары» фестивалінің Гран-приін жеңіп алды

14.07.2025, 11:05

Қазақстандық әнші 10–13 шілде аралығында Беларусьтің Витебск қаласында өткен XXXIV «Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің финалында топ жарып, бас жүлдені иеленді, деп хабарлайды Juzmedia.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның әншісі финалда «Вечность» туындысын орындап, екі күндік қорытынды бойынша 137 ұпай жинады. Қазылар алқасы оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалап, көрермен ықыласы да ерекше болды. Осылайша Қазақстан атынан қатысқан өнерпаз фестиваль тарихында кезекті мәрте ел мерейін үстем етті.

Алмагүл Батталиева – Алматыда туған, көп аспапты еркін меңгерген жас әнші. Ол 14 жасында П. И. Чайковский атындағы музыкалық колледжге қабылданып, «Жас Қанат – 2023» пен «Алматым жүрегімде» сияқты байқауларда өз дарынын дәлелдеген.