Жақында ғана Алакөлдегі туризмнің сапасын сынға алған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Балқашқа барып, ондағы жағдайды өз көзімен көріп, тексеріп қайтты, деп хабарлайды Juzmedia.
Министр Қарағанды облысындағы Балқаш көлінің курорттық аймағын аралады. Туристер жиі баратын Бертіс шығанағы, Торанғалық пен Шұбартүбек ауылдарына тоқтаған Мырзабосынов биыл бұл бағытта туристер саны күрт артқанын атап өтті. 5–7 шілде аралығында Балқашқа 60 мыңнан астам адам барған. Өңірге жаңа автожол салынуы көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, туристік ағынның ұлғаюына әсер еткен.
Министр сапар барысында су құбыры желілерін жаңғырту, қауіпсіздік бекеттерін орнату, құтқару қызметінің жұмысы секілді инфрақұрылымдық мәселелермен танысты. Сонымен қатар, Балқаш аймағындағы қонақүйлердің ресми санатталуы өте төмен екенін ескертті. Қазір заңнамаға енгізілетін өзгерістер аясында бұл мәселе қайта қаралып жатыр. Жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріліп, анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін қайта тексеру жүргізілетіні хабарланды.
Бұл сапарлар Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған тексерістің жалғасы. Алакөл маңындағы ахуалды көріп қайтқаннан кейін министрлік курорттық аймақтарда бақылау тетіктері жеткіліксіз екенін айтып, туристік инфрақұрылымды орталық деңгейде басқаруды ұсынған. Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы қабылданса, туризм сапасына жауапкершілік тікелей министрлік құзыретіне өтпек.


