homepage
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық оқушылар химиядан халықаралық олимпиадада екі алтын, екі күміс жеңіп алды

14.07.2025, 10:12

Қазақстан құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Халықаралық химия олимпиадасында (IChO-2025) төрт бірдей жүлде иеленіп, ел мерейін асырды, деп хабарлайды Juzmedia.

5–14 шілде аралығында өткен олимпиадаға 93 елден 360-тан астам оқушы қатысты. Қазақстан атынан барған төрт оқушының екеуі алтын, екеуі күміс медаль жеңіп алды. Алтын медаль иегерлері – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Кирилл Ким мен Абылай Кабдулхадыр. Күміс жүлдеге Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Еңлік Бақытбекова мен Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Аңсар Жақсылықов ие болды.

Ұлттық құраманы Санжар Бегдаир мен Ринат Илюсизов дайындаған. Екеуі де – халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары. Олимпиадаға қатысу ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Президент тапсырмасына сәйкес, олимпиада жүлдегерлеріне 1 500 және 1 000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.