Ұлттық қауіпсіздік комитеті биылғы алты айда еліміздің цифрлық инфрақұрылымына 965,4 миллион кибершабуыл жасалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар 3,5 мыңнан астам DDoS-атака тіркеліп, мыңға жуық фишингтік сайт анықталды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл туралы комитет төрағасы Ермек Сағымбаев Inform.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
Сондай-ақ Ермек Сағымбаев бұл шабуылдардың дені мемлекеттік органдар мен стратегиялық маңызды нысандарға бағытталғанын айтады. Қауіптің ауқымына байланысты комитет ІІМ және прокуратура органдарымен бірлесіп киберқауіпсіздік жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ, комитет киберқылмыспен күресте халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуді ұсынған. Жыл сайын кибершабуылдарға қарсы оқу-жаттығу өткізіліп, цифрлық дәлелдерді жинау және шабуыл жасағандарды анықтау әдістері пысықталып келеді.