Қазақстан 2025 жылдың соңына дейін мыс, алюминий және қорғасын қорытпаларын ел аумағынан сыртқа шығаруға шектеу енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл ұсынысты сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссия қолдады. Шешімнің мақсаты – ішкі нарықты стратегиялық маңызды шикізатпен қамтамасыз ету, қосылған құны төмен өнімді экспорттамай, оны ел ішінде өңдеуге ынталандыру. Үкімет өкілдерінің айтуынша, өңделмеген түсті металдарды ел ішінде қалыптастыру – қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту мен дайын өнім өндірісін арттыру үшін қажет қадам.
Сонымен қатар комиссия галлийге салынатын экспорттық кедендік бажды 10%-дан 0%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Қазақстанда галлий өндірісін жандандырып, жаһандық жеткізу тізбегіне енуге мүмкіндік беруі тиіс.