Қазақстанның Көлік министрлігі мен Ауғанстанның Қоғамдық жұмыстар министрлігі Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасындағы теміржол салу туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Құжат ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ауғанстанға жұмыс сапары аясында бекітілді. Кабулда өткен кездесуде тараптар транзиттік, сауда және аграрлық бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Қазақстан аталған теміржол арқылы өңірлік байланысты нығайтып, Ауғанстандағы экономикалық жағдайды тұрақтандыруға үлес қоспақ.
Кездесу барысында сауда айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайту жоспары да жария етілді. Қазақстан Ауғанстанға ауыл шаруашылығы өнімдері мен минералдық тыңайтқыштар жеткізуді арттыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, қазақстандық тарап Тургунди – Герат бағытындағы теміржол құрылысына инвестиция салу ниетін білдірді.