homepage
Фото: juzmedia.kz

Цифрлық картографиядан қауіпсіздікке дейін: жаңа бағыт, жаңа мүмкіндіктер

11.07.2025, 14:14

Қазіргі әлемде ғылым мен технология қарыштап дамып жатқан кезеңде жаңа буын мамандарын даярлау – ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастырудың негізі. Осы бағытта ҚазҰУ-дың Картография және геоинформатика кафедрасы еліміз бойынша баламасы жоқ, бірегей (уникалды) екі білім беру бағдарламасын сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарламалар – заман талабына толықтай жауап беретін, болашаққа бағытталған стратегиялық білім жолдары.

6B07302 – Геоинформатика
6B05206 – Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер

Геоинформатика – бұл тек мамандық емес, бұл — XXI ғасырдың тілі, технология мен ғылымның тоғысқан жаңа белесі. Кеңістіктік деректермен жұмыс істеу, спутниктік түсірілім, Big Data, жасанды интеллект жүйелерін интеграциялау – осының бәрі аталған бағдарлама шеңберінде үйретіледі. Оқу үш тілде жүргізіледі, бұл – халықаралық бәсекеге қабілеттіліктің айқын белгісі. Биыл осы бағдарламаның төртінші түлектері үлкен сеніммен еңбек нарығына қадам басты.

6B05206 – Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер – бұл ел қауіпсіздігімен тығыз байланысты, экологиялық тұрақтылық пен төтенше жағдайларды болжау, сараптау және басқаруға бағытталған ерекше бағыт. Бұл – ғылым мен практиканың нақты түйіскен тұсы. Биыл алғашқы, яғни бірініші түлектер легі бітіріп шықты. Олардың бойында — жауапкершілік, ғылыми талдау қабілеті және экологиялық ойлау мәдениеті қалыптасқан.

Екі бағдарлама да еліміздің тек білім беру саласында ғана емес, өнеркәсіп, экология, геоақпараттық технологиялар, ТЖМ, әскери-өнеркәсіптік кешен және урбанистикада да сұранысқа ие мамандықтар қатарында. Студенттер оқу барысында заманауи бағдарламалық құралдармен, нақты жобалармен жұмыс істейді, ал түлектердің басым бөлігі диплом алмай жатып-ақ жұмысқа орналасып жатады. Бұл – білім сапасының, кафедра мен факультет ұжымының кәсіби шеберлігінің тікелей көрсеткіші.

Бұл — ұлттық білім беру жүйесінің жетістігі, ҚазҰУ-дың инновациялық күш-қуаты мен ғылыми әлеуетінің жемісі.

Бүгінгі түлеп ұшқан жастар – ертеңгі геоақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етушілер, табиғи апаттардың алдын алатын сарапшылар, жаһандық экологиялық процестерді модельдейтін ғалымдар.

Білім мен ғылым – мемлекеттің қуаты. Ал қуатты мемлекетке жаңа көзқарастағы, тың технологиямен қаруланған, ұлтжанды, озық ойлы мамандар қажет.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
География және табиғатты пайдалану факультеті
Картография және геоинформатика кафедрасы