Мәдениет және ақпарат министрлігі кинотеатрларда көрсетілетін фильмдер сапасын бақылау үшін заңнаманы күшейту жұмысына кірісті, деп хабарлайды Juzmedia.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, бұл қадам Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр. Қазір «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселесі Парламент депутаттарының бастамасымен қаралып жатыр. Соның ішінде фильмге прокаттау куәлігін бермес бұрын оны алдын ала көру тәртібін енгізу және осы процесті жүзеге асыратын сараптама комиссиясын құру ұсынылған.
Ведомство заңнама қабылданған соң фильмдердің сапасы артып, кинопрокатқа тек сүзгіден өткен контент қана жіберіледі деп сендіреді.
Еске салайық, биыл наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кино саласына қатысты қоғамдық сын барын айтқан еді. Оның сөзінше, елімізде түсірілген фильмдер саны артқанымен, сапасы алаңдатарлық. Әсіресе зорлық-зомбылық пен қылмысты насихаттайтын туындылар көбейген. Сондықтан Президент жеке қаржыға түсірілетін фильмдердің өзін кинотеатрға шығармас бұрын сараптаудан өткізудің жолдарын қарастыру қажет екенін атап өткен болатын.