Туризм және спорт министрлігі спортшыларға арналған мінез-құлық кодексін жаңартып, оны 2025 жылғы жаңа заң талаптарына бейімдеді. Құжаттың мазмұны өзгермегенімен, терминдер нақтыланып, құқықтық тілге сәйкестендірілді деп хабарлайды Juzmedia.
Министрлік түсіндірмесіне сәйкес, жаңа нұсқада төмендегі жаңалықтар бар:
– «Ұлттық құрама» ұғымының орнына толық атау – «Қазақстан Республикасының спорт түрі бойынша ұлттық құрама командасы» енгізілді;
– «Спорт төрешісі» ұғымы алғаш рет нақты анықталып, оған қойылатын біліктілік талаптары жазылған;
– «БАҚ» термині заманға сай жаңартылып, енді «масс-медиа» ретінде белгіленеді.
Сонымен бірге спорт этикасының негізгі қағидалары еш өзгеріссіз сақталған:
– адал ойын ұстанымын сақтау;
– қарсылас, төреші, көрермен мен журналистке құрмет көрсету;
– қоғамдық тәртіпке қарсы не қорлайтын әрекетке жол бермеу;
– спортшылар мен мамандардың жоғары моральдық үлгі көрсетуі.
Министрлік бұл кодексті «отандық спорттың ар-намыс ережесі» деп атап, ол спорт саласында жүрген кез келген азамат үшін моральдық бағдар болып қала беретінін мәлімдеді.