Спорттық этика кодексіне енгізілген өзгеріске сәйкес, спортшылар мен жаттықтырушыларға діни сенімдерін ашық түрде насихаттауға және өзгелерді діни бірлестіктерге тартуға тыйым салынды, деп хабарлайды Juzmedia.
Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы бұйрығымен бекітілген жаңа нұсқада спортшылар мен спорт саласы мамандарына қойылатын мінез-құлық нормалары нақты көрсетілген. Енді жаттығу мен жарыс кезінде діни көзқарасын білдіруге, өзгелерді діни ұйымдарға тартуға, діни үгіт айтуға, миссионерлік әрекет жасауға болмайды.
Сондай-ақ жарыс кезінде және одан кейін бейәдеп сөздер айтуға, қоғамдық жерде мас күйде жүруге, саяси ұрандар көтеруге тыйым салынды. Құжатта кәсіби этика мен өзара сыйластыққа ерекше мән берілген.
Министрлік бұл өзгерістер бейтарап орта қалыптастыру және діни сенімі әртүрлі азаматтардың құқықтарын қорғау үшін қабылданғанын мәлімдеді. Жаңа ереже 2025 жылғы 19 шілдеден бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар спортшылар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуге міндетті және Қазақстан әнұранының мәтінін білуі тиіс. Бұл талаптар жаттықтырушыларға, төрешілерге және оқытушы-жаттықтырушыларға да қолданылады.