2026 жылдан бастап Қазақстанға келген туристер саны олардың ұялы телефоны арқылы есептелетін болады. Яғни турист қайда жүргені, қанша күн болғаны байланыс операторларының деректері арқылы көрінеді деп хабарлайды Juzmedia.
Бұрын бір күнге ғана келіп кеткендер немесе қонақ үйге тоқтамағандар есепке енбей қалатын. Мысалы, былтыр елге 15 миллионнан аса шетелдік келгенімен, соның 9 миллионы ресми тіркелмеген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін цифрлық әдіске көшу жоспарланып отыр.
Жаңа жүйе нақты туристік ағынды көруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жол, қонақүй, демалыс аймақтарын дұрыс жоспарлауға және инвестиция тартуға сеп болады. Мұндай тәжірибе Эстония, Сауд Арабиясы сияқты елдерде де бар.