2025 жылдың 1 шілдесіне дейін солтүстік өңірлерге 2202 адам қоныс аударған. Олардың 1091-і — қандас, 1111-і — ішкі көші-қон арқылы көшкен азаматтар. Барлығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Көшіп барғандар негізінен Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына орналасқан. Қоныс аударған азаматтардың 790-ы еңбекке қабілетті жаста, оның ішінде 374 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 10 адам кәсіпкерлікпен айналысып отыр.
Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларында қызмет ететін жаңа тұрғындарға үй жалдау, коммуналдық төлем мен көшуге қажетті шығындар өтеледі. Сондай-ақ оқуға, жұмысқа орналасуға немесе жеке іс бастауға да қолдау қарастырылған.
Жыл соңына дейін тағы 9653 адамды көшіру жоспарланып отыр.