Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Байқоңыр кешенінде зымыран ұшыру арасындағы кезеңдерге арналған туристік өнімдер әзірлеуді қолға алды. Бұл туралы компания басшысының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы Қызылорда облысының әкімдігі мен туристік сала өкілдерімен кездесуде айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, Байқоңыр туризмі тек зымыран ұшатын сәтке тәуелді болмауы керек. Осы мақсатта визит-орталық ашу, инфрақұрылымды дамыту, жаңа орналастыру орындарын іске қосу секілді шаралар қарастырылып жатыр. Визит-орталық тек ақпарат беру орны ғана емес, кешеннің мәдени және білім беру құндылығын көрсететін кеңістікке айналуы тиіс.
Kazakh Tourism бұл бағытта арнайы тұжырымдама жобасын әзірлеп, оны өңірде таныстырды. Құжат туристік экожүйе құруды, Байқоңырды елдің мәдени және білім беру күн тәртібіне қосу мүмкіндіктерін қамтиды.
Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл Байқоңырға 4 мыңға жуық турист келген. Олардың басым бөлігі зымыран ұшырылымына арнайы барған. Жыл басынан бері үш зымыран тасығыш ұшырылса, жыл соңына дейін тағы үш ұшыру жоспарланып отыр.